Абылайхан Жұманазар Grand Slam турнирінің күміс жүлдегері атанды

26 Наурыз 2023, 01:20
1078
Бөлісу:
Абылайхан Жұманазар Grand Slam турнирінің күміс жүлдегері атанды
Фото: Қазақстан дзюдо федерациясы

Қазақстандық Абылайхан Жұманазар Грузия астанасы Тбилисиде дзюдодан өтіп жатқан Grand Slam турнирінің күміс жүлдегері атанды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазақстан дзюдо федерациясының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, әлемдік доданың екінші күні Абылайхан Жұманазар 81 келіге дейінгі салмақта финалға дейін төрт кездесу өткізді.

Жарысты екінші айналымнан бастаған Абылайхан іріктеу кезеңінде Канада және Польша өкілдерін тізе бүктірді. Ширек финалда молдовалық Виктор Стерпуден басым түсті. Ал жартылай финалда татами иесі, грузиялық Дмитрий Гочилидзеден вазари әдісімен ұтылып жатып, таза жеңіп кетті.

Осыған дейін Grand Slam және Гран-при жарыстарында жүлде алып көрмеген Абылайхан Жұбазанар финалда аустриялық Уашид Борчашвилимен алтын жүлдені сарапқа салды.

Тартысты өткен белдесу қосымша уақытқа созылып, онда аустриялық дзюдошы вазари әдісін сәтті қолданды.

Осылайша, Жұбаназар алғаш рет Grand Slam турнирінде күміс жүлдені жеңіп алды.

Бұл – Тбилисиде Қазақстан қоржынына түскен үшінші медаль. Кеше Әбиба Әбужақынова мен Мағжан Шамшадин қола жүлдеге ие болған еді.

Өзгелердің жаңалығы