Алматылықтарға Әлеуметтік кодекс жобасы туралы айтылды

29 Наурыз 2023, 18:03
641
Бөлісу:
Алматылықтарға Әлеуметтік кодекс жобасы туралы айтылды
Фото: Алматы қаласының Өңірлік Коммуникациялар Қызметі

Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгүл Сағындықова әлеуметтік кодекстің негізгі бағыттарын түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы жолдауында Әлеуметтік кодексті әзірлеу тапсырмасы берілген болатын. Ағымдағы жылдың 16 наурызында нормативтік құқықтық акт Сенатта қабылданып, Мемлекет басшысының қарауына жіберілді.

Әлеуметтік кодексте, спикер атап өткендей, мемлекеттік әлеуметтік саясаттың ортақ қағидаттары мен бағыттары бекітілетін болады.

Кодекстің қабылдануымен белгілі бір өмірлік жағдайға тап болған адам қандай әлеуметтік қолдау шаралары барын және оны шешудің ықтимал жолдарын анықтай алады. Кодексте әлеуметтік қолдау бағыттарының орналасуы адамның өмірлік цикліне сәйкес келеді. Нормалар туғаннан кәрілікке дейін қолдау шараларымен белгіленеді, - деді вице-министр.

Сондай-ақ оның айтуынша, құжаттағы негізгі новеллалар атаулы әлеуметтік қолдауды күшейту, әлеуметтік сақтандыру және зейнетақы жүйесін дамыту, мүгедектер үшін арнаулы әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру, цифрлық жұмыспен қамту орталықтарын құру және еңбек нарығын ырықтандыру болып табылады. 

Кодекс жобасы мен тұжырымдамасын әзірлеу үшін министрліктің базасында арнайы жұмыс тобы құрылды. 50-ден астам заң мен 200-ге жуық заңға тәуелді актілер зерделеніп, әлеуметтік саясат саласындағы халықаралық тәжірибе ескерілді. Кодекс 5 бөлімнен және 21 тараудан тұрады.

Жобаның нормаларын нақтылау үшін департамент ақпараттық науқан жүргізіп жатыр. Мобильді топтар жұмыс берушілер, еңбек ұжымдары, жергілікті атқарушы органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен кездесулер өткізуде.

Өзгелердің жаңалығы