Ақтөбеліктер ескерткіштерді жуып-тазалады

1 Мамыр 2024, 22:50
305
Бөлісу:
Ақтөбеліктер ескерткіштерді жуып-тазалады
Фото: gov.kz

"Таза Қазақстан" акциясы аясында ақтөбеліктер облыс орталығындағы ескерткіштерді жуып-тазалап, маңын қоқыстан тазартты, деп хабарлайды BAQ.KZ облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мәдениет қызметкерлері Тілеу батыр көшесі мен Әбілқайыр хан көшесінің қиылысында тұрған еңсесі биік Тілеу батыр Айтұлының ескерткішінің айналасында тазалау жұмыстарын жүргізді.

Біздің қызметкерлер сәуір айының алғашқы күнінен бастап сенбілікке шығып, Халық шығармашылығы үйінің маңын қыстан қалған қоқыстан тазартты. Бүгін ұжымға Тілеу батыр ескерткішінің маңын тазалау міндеті қойылды. «Таза Қазақстан» акциясы бірнеше апта қатарынан жүретіндіктен, қызметкерлерді бірнеше топқа бөліп шығарып жатырмыз. Бұл жолы тазалық акциясына шыққандар ескерткішті жуып, маңын сыпырды. Ал алдағы сенбі күні келесі топ «Өнегелі ұрпақ» апталығы аясында қариялар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың үйлерінің маңын жинауға барады, - дейді облыстық халық шығармашылығы орталығы директорының орынбасары Бауыржан Айтжанов.

Тілеу Айтұлы Сайрам соғысына қалың қол жинап, қасына баласы Жолдыаяқ, інісі Қалдыбай батырларды ертіп барып, ел қорғауға қатысқан. 1684 жылы Сайрам қаласын қорғаудағы шешуші ұрыста өзі де, баласы Жолдыаяқ та опат болды. Екеуінің сүйегі Қожа Ахмет Иассауи кесенесіне жерленген. Есімдері кесенедегі ескерткіш тақтада жазулы тұр.

Сондай-ақ қала аумағында орнатылған батырлар мен белгілі тарихи тұлғаларға арналған ескерткіштердің айналасын тазалау жұмыстары Әлия Молдағұлова мемориалдық кешені, Мәңгілік алау ескерткіштерінде де жүргізіліп, оған қала тұрғындары, мәдениет қызметкерлері, жастар өкілдері атсалысты.

Өзгелердің жаңалығы