Әскери қызметшілер Қазақстан халқының бірлігі күнін атап өтті

1 Мамыр 2024, 18:10
374
Бөлісу:
Әскери қызметшілер Қазақстан халқының бірлігі күнін атап өтті
Фото: gov.kz

Қарулы күштердің барлық әскери гарнизондарында халықтың бірлігін нығайтуға бағытталған кешенді іс-шаралар өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

2024 жылғы 25 сәуірде өткен ҚХА-ның ХХХІІІ сессиясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Халқымыз өте ауыр сынаққа тап болды. Қазақстан аумағының жартысын тасқын су басып қалды. Еліміздің мызғымас бірлігі осы қиын күндерде айқын көрінді.

Құтқарушылар, волонтерлер, мемлекеттік қызметшілер, сарбаздар, тәртіп сақшылары, қоғам белсенділері, бизнес өкілдері және жастар – бәрі бірге жүр. Ортақ істен ешкім шет қалған жоқ», – деп атап өтті.

Қиын жағдайда қалған жергілікті тұрғындарға әскери ұшқыштар, инженерлер, дәрігерлер, РХБ-қорғаныс мамандары және мерзімді қызмет сарбаздары көмекке келді. Әскери қызметшілердің күшімен 2,2 млн-нан астам қап құм дайындалып, төселді.

58012 әскери бөлімінің әскери инженерлері Ақтөбе облысындағы Ойыл, Солтүстік Қазақстан облысындағы Есіл өзендеріне паром өткелін салып, жергілікті тұрғындарға өлшеусіз көмек көрсетті.

Қазақстан халқының бірлігі күні Қонаев гарнизонында инженерлік-саперлік құраманың су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысқан жеке құрамы грамоталармен және алғыс хаттармен марапатталды.

Біздің бөлімде әр түрлі ұлт өкілдері қызмет атқарады. Қазақстан әскері – әскери қызметшінің жауынгерлік дайындық деңгейі, кәсіби шеберлігі, жауынгерлік тапсырманы жауапты орындауы және нәтижесі бойынша бағалайтын үлкен ұйымшыл команда. Армияның рухы мен күші – бірлік пен келісімде, – деді 58012 әскери бөлімінің командирі подполковник Төлеген Назаров.

Биыл да әдеттегідей елімізде тұратын қазақ, орыс, украин, неміс, татар, ұйғыр, өзбек, дүнген, поляк, әзербайжан, шешен ұлтының балалары мерзімді қызметке көптеп шақырылғанын айта кету керек. Мысалы, Өскемен гарнизонындағы 27943 әскери бөліміне алматылық Абдалла Салих Сами Эль Том есімді азамат мерзімді қызметін өтеуге келді. Ол Қазақстанда туған. Анасы Жанат Бекжан – шығыстанушы. Әкесі Абдалла Сами - судандық кардиолог дәрігер.

Батыс Қазақстан облысындағы су тасқынына қарсы күреске десантшы-жауынгерлер зор үлес қосты. Мереке күні Десанттық-шабуылдау әскерлерінде де әскери оркестрдің қатысуымен іс-шаралар өтіп, онда десантшылар қоян-қолтық ұрысы элементтерін көрсетті. Сонымен қатар режиссер Дархан Саркеновтың «НВП ағай» фильмі көрсетілді.

Көптеген әскери бөлімдерде спорттық-бұқаралық іс-шаралар мен Tartyl Fest командалық сайысы ұйымдастырылды.

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясын ұйымдастыруда да халықпен бірге болған әскери қызметшілер әлеуметтік мекемелердегі балалар мен ересектерге жан-жақты қолдау көрсетті. Олар «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілерімен бірлесіп, тазалық акцияларын ұйымдастырды.

Өзгелердің жаңалығы