Бүгін – Қазақстан халқының бірлігі күні

1 Мамыр 2024, 09:04
343
Бөлісу:
Бүгін – Қазақстан халқының бірлігі күні
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Бүгін – Қазақстан халқының бірлігі күні. Сонау 1996 жылдан бастап дәстүрлі түрде тойланып келе жатқан мереке. Береке мен бірлік жайлаған жайлы мекенге қоныстанған түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерінің ынтымағы арта түсетін күн.

Көптеген ұлттың шаттық толы шаңырағына айналған Қазақстан жер жаһанға бейбітшіліктің озық үлгісін танытып отыр. Тіліне, түріне, діліне, дініне қарамастан сыйластықта өмір сүріп жатқан қазақстандықтар тек мерекеде ғана емес, әр күн сайын татулықтың туын жықпай, бірлікті бағалайтыны байқалады. Ол бекер емес.

Кейінгі жылдары әлемде геосаяси ахуал күрделеніп, қарулы қақтығыстар тыйылмай тұр. Аумалы‑төкпелі кезеңді бастан кешіру, жылдар бойына жалғасатын дінаралық, ұлтаралық шиеленістер зардабы орасан болады. Салдарын көріп жүрміз. Бейкүнә сәбилер, бейбіт тұрғындар қаза тауып жатыр. Осындайда қариялардың «еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын» деген батасының мәні тереңде жатқанын аңғаруға болады.

Жалпы, бірлік деген ұғымды ұлттар арасындағы қатынасқа ғана қолдануға болмас. Алыстан мысал іздеп керек емес. Міне, еліміздің бірқатар аймағы су тасқынынан зардап шеккенде қазақстандықтар өзара ұйымдасып, гуманитарлық көмек жинай бастады. Тіпті, әр ауылдан топтасқан ер азаматтар алыс жолға шығып, су тасқынының алдын алу шараларына атсалысты. Бұл бірлік емей немене?!

Еліміздің көптеген өңірінде төтенше жағдай режимі енгізілгеннен бері еріктілер де аяғынан тік тұрды. Волонтерлер тұрғындарды эвакуациялауға атсалысып, құтқарылған адамдарға алғашқы медициналық, психологиялық көмек көрсетті. Гуманитарлық көмекті жинап сұрыптап, тиісті жерге жөнелтті. Арық қазып, бөгеттерді нығайтты. Қажет болған жағдайда құтқарушылар мен әскери құрылым қызметкерлеріне ыстық тамақ ұйымдастырды. Осы уақытқа дейін волонтерлер шамамен 9903 тонна гуманитарлық көмек жинап үлгерген екен. Бұл бірлік емей немене?!

 

Өзгелердің жаңалығы