Инклюзивті спорт. Қазақстан Халықаралық бочча федерацияның құрамына енді

30 Наурыз 2023, 10:49
748
Бөлісу:
Инклюзивті спорт. Қазақстан Халықаралық бочча федерацияның құрамына енді
Фото: Қазақстан бочча федерациясы

Қазақстан бочча федерациясы ресми түрде Boccia International Sports Federation (BISFed) – Халықаралық бочча федерациясының мүшесі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл – зор жетістік. Өйткені аталған федерацияға мүше болу ерекше қазақстандық спортшылар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

Енді отандық федерацияның өкілдері бочча бойынша челленджерлер, әлем чемпионаттары, Паралимпиада ойындары, Азия паралимпиада ойындары сияқты халықаралық жарыстарға қатыса алады.

Биыл, яғни 2023 жылы Қазақстан бочча федерациясы Қазақстан ұлттық құрамасының 8 мүшесіне үш халықаралық жарысқа, нақты айтқанда, екі халықаралық челленджерге және Азия паралимпиада ойындарына қатысуға өтінім беруді жоспарлап отыр. Азия Паралимпиадасы 2023 жылдың қазан айында Қытайда, ал Паралимпиада 2024 жылы Парижде өтеді.

Бұл – инклюзивті спорт түрлерінің дамуына мүдделі кез келген адам үшін үлкен жеңіс. Осылайша, мүгедектігі бар спортшыларға жаңа мүмкіндіктер туып отыр. Біздің жарыстарымызға көбіне ерекше балалар қатысады. Енді олардың алдында жаңа мақсаттар мен міндеттер пайда болды. Сондай-ақ жас спортшылар үшін бұл ортаға бейімделуге, дос табуға және жаңа тәжірибе алуға зор септігін тигізеді. Халықаралық федерацияға мүше болу біздің ерекше спортшыларымыздың деңгейі мен еңбегінің әлемдік деңгейде мойындалуы екені сөзсіз, – деді ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы және Қазақстан бочча федерациясының президенті Мәулен Әшімбаев.

Айта кетейік, биыл маусым айында Қазақстан бочча федерациясы боччадан Қазақстан чемпионатын өткізеді. Соның нәтижесін бойынша Қазақстан құрамасы жасақталады.

Анықтама

Бочча – доппен ойнайтын паралимпиадалық спорт түрлерінің бірі. Бұл сайыс түрі тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар мен ересектерге спортта өз бағын сынап көруге мүмкіндік береді. Қазақстан бочча федерациясы 2021 жылы мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған ата-аналар мен «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қорының жаттықтырушыларының бастамасымен құрылды. Қазақстан аумағында Федерацияның 10 филиалы бар.

Өзгелердің жаңалығы