Іс бастағанда тәуекелге дайын болу керек - кәсіпкер

1 Сәуір 2023, 13:29
1511
Бөлісу:
Іс бастағанда тәуекелге дайын болу керек - кәсіпкер
Фото: кейіпкердің жеке архивінен

Түркістан – саудасы қызу қайнаған қаланың бірі. Дәл осы қалада өз кәсібін дөңгелетіп отырған қыз-келіншектер де баршылық, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.

 

«Әйел қырық шырақты» дейді дана халқымыз. Аяулы ана, сүйікті жар бола білген нәзік жандар да кәсіп саласында біршама жетістікке жетіп, ел экономикасына үлес қосып жатыр. Солардың бірі кәсіпкер Инара Әбдіғаппарқызы. Инара ханыммен кәсіп саласында қалай дамуға болады, кәсіп бастағысы келетін жандарға қандай ақыл-кеңес айтады. Сол жайлы әңгімелескен едік.

Инара ханым, әңгімеміздің әлқиссасын кәсіп саласында жүрген қыз-келіншектерден бастасақ. Өзіңіз Түркістан облысы Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымысыз. Облыста кәсіпкер әйелдердің қазіргі жағдайы қалай? Бизнеске бет бұрған әйелдерге ең бірінші қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз?

Кәсіпкерлік жолдың өзіндік заңдары бар. Бірақ өте қызық жол. Өзіне лайқты қиындықтары да бар. Кәсіпкерлікті таңдаған адам өзі сол саланы ұнатып, ынталанып, жақсы көріп істесе табысқа жетеді деп ойлаймын. Табысқа жетудің бірден-бір формуласы осындай. Қазіргі уақытта кәсіпкерлік салады қыз-келіншектер көбінесе сұлулық салонын, ал білім саласында бала-бақша, мектеп ашып жатқандар бар. Медицина саласында косметологияға бет бұрғандар да жетерлік. Ал, тағам өнімдерінен өз кондитерлік дүкенін, мейрамханасын, сондай-ақ көпшілік тамақтанатын орындарды ашу сияқты кәсібін дөңгелетіп отырған арулар бар. Кәсіп ашу үшін тәуекелге дайын болу керек. 

«Егер тәуекелшіл болмасаңыз, бизнеске тұмсығыңызды сұқпаңыз» деген Рэй Кроктың сөзі бар. Сондықтан бизнесте тәуекел ету маңызды қадамдардың бірі. Кәсіпкерлік сала болған соң шешім қабылдай алатын қабілеттің болуы. Олай дейтін себебім, тез шешім қабылдайтын сәттер болады. Ал ол шешімің кейде дұрыс болмауы мүмкін. Сені табысқа емес банкроттыққа ұшыратын сәттер болады. Соның барлығын қабылдай білу де үлкен тәуекел. Мысалы: бастап жатқан кәсібім 50 пайыз табыс алып келеді, сол сияқты 50 пайыз құлдырауы мүмкін деп те ойлау керек. Тәуекел болмаса, қол жеткізген жетістіктеріңіз үшін мақтаныш та болмайды. Негізі кәсіпкерлік көп еңбекті қажет етеді. Кәсібімді аштым, енді менде клиент көп деп ойламау керек. Сол клиентің, тұтынушың сенің өніміңнен бас тарта алмайтындай жұмыс істеу маңызды. Қай бизнес көзі болса да сапасына ерекше мән бер. Жоғары сапалы өнімнің қолданушысы да, тұтынушысы да көп болады. Сонда сенің де бизнесің жақсы дамиды. Сол арқылы өз бәсекелестеріңнен жоғары боласың. Бастысы жан-тәніңмен жұмыс істеу, өз ісіңнің маманы болу, сені жетістікке жетелейді. Сосын бір жерде тұрақтап қалмай үнемі ізденісте болу керек екенін ұмытпау.

Іс бастағанда тәуекелге дайын болу керек - кәсіпкер

Өзіңіз кәсіпке неше жасыңызда келдіңіз?

Менің кәсіпке келгеніме 13 жыл болды. Кәсіпті 2010 жылы 36 жасымда бастадым. Оған дейін ғылым саласында болдым. Алматы қаласындағы экономика институты ғылым академиясында ғылыми зерттеулер жүргізетін институт бар. Сол жерде оқытушы болдым. Жалпы бизне саласына деген қызығушылық баяғыдан болды. Оған себеп әкем және мамандығым. Мамандығым негізі экономист. Студент кезімнен экономикаға қатысты көп кітаптарды оқи бастадым. Үлкен корпорациялардың жеткен жетістігі жайлы және сол компаниялардың негізін қалаған адамдардың өмірі мен бизнеске қатысты кітаптарын оқыдым. Қызығушылық танытып, зерттеп жүрдім. Кәсіп саласында теория жағынан мықты болдым деп айта аламын. Оған себеп оқыған кітаптарым. Ал тәжірибе жүзінде әкем жақсы көмектесті. Алматыда жүрген кезімде, әкем Түркістан қаласына көшіп кел, маған көмектес деп ұсыныс айтты. Әкемнің өз кәсібі болды.  Отбасылық кәсіп болған соң, оның үстіне өзімнің де кәсіпке қызығушылығым болғандықтан келу керек екенін түсіндім. Жалпы кәсіпкерлікке бару жоспарда болған. Бірақ Түркістан қаласына келіп істеймін деп ойламаған едім. Ойымның барлығы сол өзім жұмыс істеп жүрген Алматы қаласынан қоғамдық тамақтану орнын ашу еді. Алматыда бәсекелестік өте жоғары. Ол да жақсы. Бірақ туған жерге барып соны дамытуды көздедім. Оның үстіне әкемнің өз кәсібі бар. Барлығын басынан бастағаннан гөрі қолдағы бизнесті әрі қарай алға жылжыту керек деген шешім қабылдадым. Мүмкін емес нәрсе жоқ. Барлығын істеуге болады. Түркістанға көшіп келгеніме міне 13 жыл болды. Ризамын. Жұмысым өзіме ұнайды.

Қазіргі уақытта әкеңіз аманаттаған кәсіптің тізгінін ұстап, жалғастырып жүрсіз. Түркістан қаласындағы ең ірі сауда орталығының бірі «Қуаныш» ЖШС-ні басқарасыз. Облыс орталығындағы ірі сауда үйін басқару қиын емес пе?

Сауда орталығын басқару оңай деп айта алмаймын. Табысты басқару үшін бизнестегі дүниелерді зерттеп, оқимын, үйренемін. Соны іс жүзінде асыруға тырысамын. Үнемі ізденісте боламын. Бизнесте тоқтап қалу деген сөз жоқ. Нарыққа ілесу маңызды. Сауда орталығын басқарудағы бағаны халық береді. Орталықтағы саудагерлер береді. Өзім жақсы көріп тұрған іс болған соң жақсы басқаруға тырысамын. Бұл үлкен жауапкершілік.

Іс бастағанда тәуекелге дайын болу керек - кәсіпкер

30 жылдан астам тарихы бар базардың басқа базарлардан қандай айырмашылығы бар?

Бұл сауда орталығы кеңес өкіметі кезінде «орталық колхоз базары» болған. Мемлекет меншігінде болады. Архивтерге сүйенсек 1961 жылдан бастап базар жұмыс істеген. 1991 жылы Қазақтан Тәуелсіздік алған тұста жекешелендіру басталды. Содан бері сол кезде ұжымдық жекешелендіру жолымен жекеге иемдендік. Содан «Қуаныш» базары аталды. Біздің базардың ерекшелігі бізде шығыс стиліндегі базарлардың концепсиясының сақталуында. Біздің ата-бабаларымыз, ата-аналарамыз осы базарға келіп сауда жасаған. Базар тек сауда орны емес,адамдар бір-бірін көріп жаңалық айтатын, өз қуанышымен бөлісетін алаңға да айналды деп айтуға болады. Баяғыда газет, радио, телевизия жоқ кезде қандай жаңалық болып жатқанын білгісі келсе базарға келетін болған. Сондықтан бұл жаңалықтар ортасы деп айтуға негіз бар. Қазір енді XXI ғасыр интернет дәуірінде ақпарат қайдан алуға болады деп сұрақ туындамайды. Әлеуметтік желілерде барлығы бар. Дегенмен де біздің орталықта сол баяғы дәстүр сақталып келе жатқан сияқты. Оны осы жерде жұмыс істейтін саудагерлердің пікірінен айта аламын. Өзім басқарып отырған базарды тарихи базарға айналдырғым келеді. Себебі, Еуропа елдерінде, 100-200 жылдық, Түркияның өзінде де бірнеше жылдық тарихы бар базарлар бар. Яғни тарихи орындар ретінде сақталған. Тіпті сол базарларды көруге арнайы іздеп баратын туристерде жетерлік. Бірақ әлі қызметін тоқтатқан емес.Біздің де базар сондай болып жатса қуанарлық жағдай еді. Бірақ қазірдің өзінде алыс-жақын шетелдерден келген туристер не болмаса еліміздің басқа өңірлерінен келген қонақтар міндетті түрде біздің базарды көріп, өз бағаларын беріп кетеді. Кейбіреулері әлеуметтікк желілерге салып, өз әсерлерімен бөлісіп жатады. Біз үшін әрине қуанарлық жайт.

Жыл өткен сайын тұтынушылардың да талабы артып келеді. Базардағы күнделікті тұтынатын өнімдерді қалай тексерістен өткізесіздер?

Әрине жыл сайын тұтынушылардың талабы басқа деңгейде. Сауда орталығындағы әр павильон яғни тамақ өнімдері, азық-түлік сатылатын жерлер стандартқа сай жасақталған. Токсикологиялық лабораториямыз бар. Базарға келген көкөністің сапасын бақылап, сонымен қатар ет өнімдерінің сапасын тексеріп отырады.

Кәсібін жаңадан ашып жатқан –қыз-келіншектер сізден ақыл-кеңес сұрайды. Сіз, кімнен сұрайсыз?

Өзім кәсіпке байланысты кеңестерді ютуб желісінен де көремін. Түрлі бизнеске байланысты подкасттарды тыңдаймын. Кәсіпке байланысты қандай да бір сауалдар туындап жатса интернет желісінен қарап, бизнес өкілдерінің пікірлерін, сұхбаттарын көремін. Бизнеске байланысты кітаптарды оқып, керек жерлерін өзіме түртіп аламын. Оқу ешқашан кеш емес. Кәсіпкер де үнемі ізденісте болу керек. Сондықтан білімімді жетілдіру мақсатында арнайы оқу да оқимын. Кәсібін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге де айтарым үнемі ісденісте болыңыздар. Бизнесте жетістікке жеткен адамдардың ақыл-кеңестерін тыңдап, өз өміріңізге пайдалана біліңіз.

Сіз үшін отбасы құндылығы деген не?

Отбасы құндылығы әр ана, әйел үшін ол өзінің отбасы мен балалары. Үш ұлым бар. Ұлдарым менің байлығым! Сонымен қатар анам, сіңілім, інім жақындарым менің отбасым! Мен үшін отбасы деген бір-біріне мейірім төгетін, махаббат сыйлайтын ең құнды орта. Отбасы деген жерге әр адам жұмыс істеп кешке үйге келген кезде сен қалай барсың солай қабылдайтын жер. Сенің жағдайыңды түсінетін ең сенімді жандар. Кейде шаршайтын сәттер, кейде қатты қуанатын, мұңаятын, қайғыратын кездер болады. Соның бәрін шынайы қабылдайтын және ерекше қолдау көрсететін ол отбасы. Ана деген отбасына қолдау беретін, әр отбасы мүшесінің қандай көңілде екенін сезетін, қажет затын тауып бере алатын тұлға. Отбасы мүшелерінің бір-біріне ойын, арман-мақсаттарын айтуы, пікір алмасуы, күнделікті оқиғаларды айтып, сараптама жасау да отбасы құндылықтарының бірі деп айтуға болады. Отбасы ашық алаң болу керек. Отбасы - ол бір-бірін сынап, баға беретін емес, керісінше бір-бірін бағалайтын ыстық орда. Отбасы құндылығы ол – бір-бірімізді жақсы көру, сыйлау, құрметтеу, бағалау. Міндетті түрде адалдық, әділдік болуы шарт. Өзімнің ата-анам осындай жол көрсеткен. Мен де балаларыма сол дүниені көрсетуге тырысамын. Ата-анам қолдан келгенше жақсылық жасау, қолдау көрсету керек деген қағидамен жүрді. Мен де соны көріп өскен перзентпін. Өзім де сол жолмен келе жатырмын деп айта аламын. Сондай-ақ балаларымды еңбекке баулуға үйретемін. Еңбек еткен адамның жұмысы ешқашанда еленбей қалмаған емес. Міндетті түрде өз жетістігін береді. Балаларыма да соны айтып отырамын. Сәттілік де, еңбек еткен адамға бұйырады. Еңбекті сүю де негізгі құндылықтардың бірі. Өз еліңді, жеріңді, тіліңді сүю керек екенін мүлде естен шығармау қажет. Дәстүрімізді, мәдениетімізді, дәріптеп, ұмытпау да негізгі қағида. Отбасы құндылығы да осы дүниелерді бойға сіңіруден басталады. Отан отбасыдан басталады деп бекер айтылмаған. Отбасыңа адал болсаң еліңе де дәл солай адал болу керек.

Өмірлік ұстанымызың қандай?

Менің өмірлік ұстанымым «әрқашан, әрдайым барлық жерде өз мақсатыма жету үшін қолымнан келгенін істеймін, өз мүмкіндігіме сенемін және соған ұмтыламын»! Мүмкін емес нәрсе жоқ. Тек еңбектеніп, өзіңе сену керек. Армандау керек және сол армандарды мақсатқа айналдыру маңызды. Белгілі бір жетістікке жеткен кезде отбасыңмен бөлісіп, өз-өзіңе қанағаттанып өмір сүру мен үшін маңызды.

Сұхбаттасқаныңыз үшін рақмет!

Өзгелердің жаңалығы