"Ортақ байламға келдік". Тоқаев қазақ-қырғыз арасында түйіткілді мәселелер болмайтынын айтты

19 Сәуір 2024, 13:44
232
Бөлісу:
"Ортақ байламға келдік". Тоқаев қазақ-қырғыз арасында түйіткілді мәселелер болмайтынын айтты
Фото: Ақорда

Қазақстан мен Қырғызстан мемлекеттерінің басшылары тарихи құжаттарға қол қойып, БАҚ өкілдеріне бірлескен мәлімдеме жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ең алдымен Қырғызстан басшысы Садыр Жапаровқа шақыруын қабыл алғанына алғысын білдірді.

Бұл сапардың екі ел үшін де мән-маңызы зор. Мұны көптен күткен іс-шара деп айтуға болады. Қырғызстан біз үшін одақтас мемлекет. Сондай-ақ тату көрші, бауырлас ел әрі сенімді серіктес. Халықтарымыз достығы ортақ тарихқа және рухани құндылықтарға негізделген. Біз әрдайым бір-бірімізге тілекші болып, жетістіктерімізге қуанып жүреміз. Екі елдің мызғымас қарым-қатынасы стратегиялық серіктестік рухында дамып жатыр, - деп айтты Президент.

Тоқаев қырғыз әріптесі екеуі тарихи келісімге қол қойғанын атап өтті.

Бұл - Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы одастастық қатынастарды нығайту және кеңейту туралы шарт. Осы құжат өзара байланыстарды одан әрі дамытуға жол ашады. Екі елдің мүддесіне толық сай келеді. Яғни ғасырлар бойы қалыптасқан бауырластық байланысты сақтауға мүмкіндік береді. Елдеріміздің дәстүрі достық және тату көршілік қатынастарын нығайтуға Садыр Нургожоевич зор үлес қосты. Сол үшін қадірлі әріптесіме алғыс айтамын, - деді Мемлекет басшысы.

Тоқаев атап өткендей, бүгін екі ел арасындағы Жоғары мемлекеттікаралық кеңестің алтыншы отырысы өтті. Жиында ел басшылары екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері жөнінде жан-жақты пікір алмасты.

Нақты әрі маңызды келісімдерге қол жеткіздік. Бауырлас екі ел арасында шешімін таппаған түйіткілді мәселе болмауы керек деп ортақ байламға келдік, - деп айтты Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ-қа берген мәлімдемесінде.

Өзгелердің жаңалығы