Өзбекстан бізге ең жақын мемлекеттердің бірі – Әшімбаев

28 Наурыз 2024, 15:27
342
Бөлісу:
Өзбекстан бізге ең жақын мемлекеттердің бірі – Әшімбаев
Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

Бүгін Сенат отырысында Қазақстан мен Өзбекстан азаматтарының өзара сапарлары туралы заңды қарау кезінде Палата төрағасы осындай пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Өзбекстан бізге ең жақын мемлекеттердің бірі. Біз – бауырлас, одақтас елдерміз. Тиісті келісімдеріміз бар. Біздің шыққан тегіміз бір, тіліміз ұқсас, дініміз ортақ. Мәдениетіміз бен салт-дәстүрлеріміздің де тамыры бір. Сондықтан бауырлас елмен қарым-қатынасымызды әрі қарай дамыта беруіміз керек. Экономикалық, әлеуметтік, басқа да саладағы байланыстарды арттырудың бірден-бір кепілі – ол адамдардың өзара сапарына қолайлы мүмкіндік жасау. Екі елдің азаматтары бір-бірінің аумағында кедергісіз 30 күн болса, мұндай қадам сауда-экономикалық және басқа да қарым-қатынастарды дамытуға тікелей әсер ететіні анық, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат Спикері Келісім толығымен Қазақстанның саясатымен сәйкес келетінін айтты. Сондықтан Құжат нормаларына дұрыс көзқарас қалыптастырған жөн. Мәулен Әшімбаев Келісімнің екі мемлекетке не беретініне көбірек көңіл бөлудің және қазіргідей күрделі кезеңде сыртқы қарым-қатынастарды жан-жақты дамытудың маңызы зор екеніне назар аударды.

Айта кетейік, бүгін Сенат отырысында депутаттар «2000 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Азаматтардың өзара сапарларының шарттары туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды да қарап, мақұлдады. Хаттамада, егер тараптар азаматтарының екі елде болу кезеңі шекараны кесіп өткен кезден бастап күнтізбелік 30 күннен аспайтын болса, құзыретті органдарда тіркеусіз олардың аумақтарында болуының оңайлатылған тәртібі қарастырылған. Осылайша, екі мемлекет азаматтардың өз аумақтарында болуының өзара мерзімін уақытша тіркеусіз 5 күннен 30 күнге дейін ұлғайтты.

Өзгелердің жаңалығы