Raim мен Еркенің некесі неге сені алаңдатты? – психолог талдап берді

26 Қаңтар 2023, 13:08
4016
Бөлісу:
Raim мен Еркенің некесі неге сені алаңдатты? – психолог талдап берді
Фото: BAQ.KZ

«Хайпқа байып» айдары аясында соңғы күндері әлемжеліде де, көпшілік ортада да қызу талқыға түсіп, хайпқа айналған қос әнші Raim мен Ерке Есмаханның неке қиюы қазақ қоғамын неліктен қатты алаңдатқанын байыппен талдап көрдік. Психолог Серікгүл Сәли әншілердің некесіне қарсылық білдіргендерді төрт топқа бөліп қарастыруға болатынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Ата-ана өкініші не қорқынышы

Көп отбасының ұлдары бақытын жастау кезінде үйленіп, ажырасқан, бір баласы бар қыздардан тауып жатады. Екеуінің жастарында айырмашылық болмаса да, көп ата-аналар ажырасқан қызды ұлына әпермейді. Ата-анасына қарсы шығып, сол қызды алған күннің өзінде «бұрын байға шығып, босаға көріп келген, бала туған» деп ұлына тең көрмей, оған күн көрсетпей, ақыр соңында «тағы ажырасты» дегенге әкеліп жататын отбасылар қазақта көп, - дейді психолог.

Маманның айтуынша, ажырасқан немесе өзінен жасы үлкенге үйленген баласына келінін тең көрмей, оның бақытын ойрандап, шаңырағын ортасына түсірген ата-ана Raim мен Еркенің отау құрғанын естігенде өзі дұрыс жасадым деп ойлап жүрген әрекетінің дұрыс болмағанын, мұндай жұптар да бақытты болатынын, бақытқа лайық екенін көріп, өкінуі немесе әрекетінің дұрыстығына күмәндануы мүмкін. Кейіннен онысын мойындағысы келмей, әншілерге негативті пікір айту арқылы жеке басына қатысты емес көрінген бұл жағдайды бейсаналы түрде қабылдағысы келмейтін көрінеді. Серікгүл Сәли бұл топқа кезінде баласы ажырасқан немесе жасы өзінен үлкен қызға үйленемін дегенде батасын бермеген ата-ана да жататынын айтады. Сондай-ақ көп ата-ананың Raim мен Еркенің жұбына әншілердің жеке басына өтіп, қарсы шығуының себебі қорқыныш болуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды.

«Ойбай, менің балам өзінен үлкен қызды алып келсе ше, бұрын үйленіп, ажырасқан қызды алып келсе, не істеймін? Ондайды ешқашан қабылдамаймын» деп, ішінде қатып қалған нанымдары бар ата-аналар сөз қылып, ауыздарына келгенді айтып жатыр, - дейді маман. 

«Мықты қыздарды жас буын бағалап жатыр»

Біздің қоғамда әйел затын жасы 30-дан асып кеткеннен кейін жарамсыз, қажетсіз деп есептейді. «Жасын алу керек» деп, жұмысқа жарамды ма сол жақтарын қарайды. Ал жылдар өткен сайын адамға даналық келіп, мінезінде көркемдік, жұмсақтық болатынын, алды-артын ойлай алатынын, сезімге бай болатынын елемейді, - дейді психолог. 

Ол сонымен қатар 35-40 жастағы ерлердің көпшілігі өткен ғасырдағы, ескі көзқараспен қалып қойғанын ал сол жастағы қыздар жағы керісінше ілгерілеп жатқанын алға тартты.

Біздің қыздарымыз пысық, өз-өзін дамытуға, жан-жақты жетілдіруге құмар. Сондай мықты қыздарды жас буын бағалап жатыр, ал қырыққа жақындаған ерлер бағалай алмайды. Олардың бойында батылдық, өжеттік жетіспейтін сияқты. Бізде журналист қыздардың ішінде де, әнші, актриса қыздардың ішінде де өнер десе, өнер, дәстүр десе, дәстүрді ұстанатын, сезімге бай, жүректері таза тамаша қыздар бар. Осы қыздарды өздерінен жасы үлкен ерлер өздеріне тең көріп, менсінбейді. Сондықтан ондай қыздарымызды көзі ашық, қырағы, бей-берекет нанымдарға байланбайтын, жаңа заманға сай, ұшқыр ойлы жігіттеріміз көріп жатса, оның ешқандай айыбы жоқ, - деді ол. 

«Басын айналдырып алды»

Маман біздің қоғамда кездесетін келесі фактор барлық жауапкершілікті әйел затына жүктеу екенін айтты.   

Қазақта дәрежесі бар, жетістікке жеткен көп қыз бар. Олар теңім деп өзінен жастау жігітке күйеуге шығып, отбасын құрып жатса, халықтың айтатын бір сөзі бар «басын айналдырып алды» деген. Міндетті түрде қыз жігіттің басын айналдырып алды деп айтады. Мүмкін жігіт қыздың басын айналдырған шығар? Ол позицияны ешқашан қарастырмайды. Неге? Өйткені халқымыз жауапкершілік қызда деген позицияны ұстанады, - деді Серікгүл Сәли. 

Ол материалымызға арқау болған Raim мен Еркенің оқиғасында Raim жауапкершілікті көбірек алғаны, шешуші қадамдар жасағаны көрініп тұрғанын алға тартты.  

 «Өз бақыты үшін күреспеген»

Психолог келесі себеп ретінде бақыты үшін өз кезегінде күреспеген жандар Raim мен Еркенің қосылғанын көре алмай қарсылық білдіретінін атады.  

Көп адамның ішінде өздері жеңе алмаған нанымдары болады. Оны жеңуге батылдары жетпей, өз-өздерін тыйған. Мен өз-өзіме рұқсат бермей жүрген нәрсені басқа біреу жасап жатса, мен оған қатты қарсыласамын. «Мен де осылай бақытты болсам болады екен ғой. Мен бақытты бола алмай қалдым. Ал басқа біреу бақытты болып жатыр» деп көре алмай, іші күйіп кетеді. Бізде өте көп отбасыларда осындай жағдайлар болған, бірақ өздерінің бақыты үшін күреспеген, - деді ол.   

Серікгүл Сәли оның себебі «баяғы нанымдарға байлану», өзінен кіші жігітке тұрмысқа шықса, «Ел не дейді?» деп өз бақытына өзі шек қою екенін айтты. Ұқсас жағдай ерлерде де болуы мүмкін. 

Бұрын тұрмыс құрып ажырасып кеткен, өзінен жасы үлкен қызбен біраз жүріп, жеме-жемге келгенде үйленбей, тастап кетіп, басқа бір қызбен үйленіп алып, бірақ жүрген қызын ұмыта алмай жүрген еркектер де Raim мен Еркеге «тас лақтырып жатыр», - деді маман. 

Оның айтуынша, 38 жастағы Ерке Есмахан мен 26 жастағы Raim-ның үйленуі көпшіліктің бейсанадағы күрестеріне, іштегі қорқыныштарына, өздері қабылдай алмайтын наным-сенімдеріне төңкеріс әкелді. 

P.S . «Қазіргі заман – бақыт бірінші орында тұратын заман. Елдің не ойлайтыны, ешқандай наным-сенімдер бірінші орында емес. Raim-мен Еркенің арасындағы махаббат өмір-бақи жалғаса ма, белгілі уақыттан кейін аяқтала ма, олар екі жаққа кете ме, кетпей ме, бұл жерде ол маңызды емес. Ең маңыздысы – дәл қазір, осы сәтте екеуі бір-біріне бақыт сыйлай алатынында».    

Өзгелердің жаңалығы