Сенат төрағасы Медетқан Шеримкуловпен кездесті

19 Сәуір 2024, 19:48
279
Бөлісу:
Сенат төрағасы Медетқан Шеримкуловпен кездесті
Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Қырғызстан Жоғарғы Кеңесінің бұрынғы төрағасы, Қырғыз Республикасының Батыры, Түркі мемлекеттері ұйымы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Медетқан Шеримкуловпен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Кездесу барысында тараптар өзара мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуда екі елдің зиялы қауымының рөлін және халықаралық алаңдардағы бірлескен іс-қимыл аясындағы мәселелерді талқылады.

Мәулен Әшімбаев қазақ-қырғыз қарым-қатынасы барлық салада қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Бауырлас елдердің екіжақты байланысына жоғары деңгейдегі белсенді диалогтың ықпалы зор. Бұл ретте осы күндері өтіп жатқан Қырғызстан Президентінің Қазақстанға ресми сапары ерекше мәнге ие.

Сұхбат кезінде Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының Жоғары мемлекетаралық кеңесінің VI отырысында қол жеткізілген уағдаластықтарға баса мән берілді. Атап айтқанда, екі ел арасындағы одақтастық қатынастарды тереңдету және кеңейту туралы шарттың маңызы сөз болды.

Сонымен қатар тараптар парламентаралық диалогты нығайту және саяси-экономикалық, мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастарды кеңейту мәселелеріне де назар аударды.

Сенат төрағасы ғылым, әдебиет, мәдениет, өнер, тарих, руханият салаларындағы ынтымақтастықты дамытуда және түркі әлемінің бірлігін нығайтуда зиялы қауымның әлеуетін пайдаланудың маңызы зор екенін тілге тиек етті.

Өз кезегінде Медетқан Шеримкулов ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалар аясындағы жұмысты жоғары бағалады. Сондай-ақ ол ортақ мәдени және адамгершілік құндылықтарды дәріптеу ісінде Ақсақалдар кеңесі аясындағы белсенді өзара іс-қимыл үшін алғысын білдірді.

Өзгелердің жаңалығы