Тоқаев гуманитарлық көмек көрсеткені үшін қырғыз халқына алғыс айтты

19 Сәуір 2024, 12:43
219
Бөлісу:
Тоқаев гуманитарлық көмек көрсеткені үшін қырғыз халқына алғыс айтты
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров шағын құрамда келіссөз жүргізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мемлекет басшысы Қырғызстан Президенті сапарының екі тарап үшін де мән-маңызы айрықша екенін атап өтті.

Бүгін біз Одақтастық қатынастарды нығайту және кеңейту туралы тарихи келісімге қол қоямыз. Осы маңызды құжат қазақ-қырғыз байланыстарының дамуына тың серпін беретініне сенімдімін. Ел аузында «Қырғыз бен қазақтай бір-біріне жақын халық жоқ» деген сөз бар. Бұл – дұрыс айтылған тұжырым, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстанның бұрын-соңды болмаған су тасқынымен күресіп жатқанын атап өтіп, осындай қиын-қыстау кезде гуманитарлық көмек көрсеткені үшін Қырғызстан Президентіне және барша қырғыз халқына алғыс айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-қырғыз қатынастарының қарқынды дамып келе жатқанына назар аударды. Президенттің пікірінше, бұған белсенді саяси диалог, үкіметаралық және парламентаралық тығыз байланыстар ерекше серпін беріп отыр.

Екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастық жылдан-жылға нығайып келеді. Былтыр өзара тауар айналымы 1,5 миллиард долларға жетті, яғни 26 пайызға өсті. Алдағы мақсатымыз алыс-беріс көлемін 2 миллиард долларға жеткізу. Сонымен қатар осы бағытта болашағы зор бірқатар жоба қолға алынды. Жалпы, сауда-экономикалық саладағы уағдаластықтар орындалып жатыр, – деді Мемлекет басшысы. 

Өзгелердің жаңалығы