Түркістанда бокстан Бекзат Саттархановты еске алуға арналған ХХІ халықаралық турнир басталды

31 Наурыз 2023, 22:20
1179
Бөлісу:
Түркістанда бокстан Бекзат Саттархановты еске алуға арналған ХХІ халықаралық турнир басталды
Фото: gov.kz

Түркістан қаласындағы «Olympic Center» спорт кешенінде бокстан 2000 жылғы Сидней Олимпиадасының жеңімпазы, «Барыс» орденінің тұңғыш иегері, түркістандық талантты боксшы Бекзат Саттархановты еске алуға арналған жастар арасындағы халықаралық турнир басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Биыл ХХІ рет өтіп жатқан халықаралық бокс додасына Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан елдерімен қатар Қазақстанның барлық аймағынан былғары қолғап шеберлері келген.

Түркістанда бокстан Бекзат Саттархановты еске алуға арналған ХХІ халықаралық турнир басталды

Баршаңызды қасиетті Түркістан төрінде қарсы алғанымызға қуаныштымыз. Біздің батырымыз, Сидней Олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттарханов атындағы халықаралық турнирге қош келдіңіздер! Турнирге көршілес үш мемлекеттен және еліміздің әр өңірінен командалар келді. Биыл Түркістан облысының құрылғанына, Түркістан қаласының облыс орталығына айналғанына 5 жыл толып отыр. Осы Түркістанымызды әлемге танытуға Бекзат бауырымыздың сіңірген еңбегі орасан. Ол спортта жарық жұлдызға айналып, өзінің өшпес ізін қалдырды. Түркістан өңірі ғана емес, жалпы елімізде Бекзатқа еліктеген жастар көп. Саңлақ спортшының өнегелі жолы ізбасарларына үлгі бола берері анық, – деді облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев.

Биылғы бұл халықаралық бокс бәсекесінің ерекшелігі – тұңғыш рет қыздар да 5 салмақ дәрежесінде қолғап түйістіреді. Ұлдар 13 салмақ бойынша жеңімпаздарды анықтайды.

Бұл халықаралық бокс додасына жалпы 22 команда, 200-ден астам боксшы қатысуда.

Бокс бәсекесінің жеңімпаздары 4 сәуір күні анықталады.

Өзгелердің жаңалығы