Жаңа экономика мен парламент. Шағын және орта бизнес өзіне артылған жүкті көтере ала ма?

29 Наурыз 2023, 18:44
1778
Бөлісу:
Жаңа экономика мен парламент. Шағын және орта бизнес өзіне артылған жүкті көтере ала ма?
Фото: АР

Шикізат дәуірінің артта қалып бара жатқанын сезінген Қазақстан, ендігі бар бәсті шағын және орта бизнеске тікпек, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мемлекет шағын және орта бизнеске көмектесуге дайын. Бірақ нақты кімге көмектесу керек, соны шешудің механизмдері енді ғана талқыланады.

Бүгін Мемлекет басшысы Парламенттің алғашқы сессиясында экономикаға қатысты біраз принциптерді жариялады. Оның ішінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев іскерлік белсенділікті ынталандыру, өндірістік әлеуетті арттыру, инфрақұрылымды дамыту, азық-түлік қауіпсіздігі, адам капиталы, әлеуметтік көмек, адам құқығы мен мемлекеттік басқаруды дамыту туралы айтты. Осы сегіз тармақтың кем дегенде төртеуі тікелей шағын және орта бизнеске келіп тіреледі.

Қазақстан бұған дейін де шағын және орта бизнесті ат қылып ерттеп, экономиканың басты локомотивіне айналдырғысы келген. Дәлірек айтсақ, 1997 жылы шетелдік консультанттар Қазақстан билігіне «экономиканы әртараптандырудың жалғыз жолы – шағын бизнесті дамыту» деген ақыл айтады. Дәл сол 1997 жылы президент Назарбаевтың жарлығымен «Шағын бизнесті дамыту қоры» құрылады. Бұл қор қазір де бар және ол бәрімізге «Даму» қоры деген атпен белгілі.

Сол уақыттан бері, жыл санап Қазақстан экономикасындағы шағын және орта бизнестің үлесі 1-2 пайыз болса да арта бастайды. Мысалы, 2015 жылы ішкі жалпы өнімде шағын және орта бизнес 24,9 пайызды иеленді. Ал 2019 жылы 31,7 пайызға жетті.

Жалпы Қазақстан өзіндегі кіші бизнеске екі бағыт бойынша қолдау көрсетіп келген еді. Біріншісі – талабы жеңіл қаржыландыру, яғни арзан кредиттер болса, екіншісі тендерлердегі «казсодержание» сынды, мемлекеттік сатып алуларда мүмкіндігінше отандық өнімдерді сатып алу сынды преференциялардан тұрды. Бұл ретте біз аса нәтижелі деуге келмейтін екіұдай эффект алдық. Ия, ШОБ үлесі экономикада өсті, бірақ ненің есебінен деген әңгімеге саяды. Мемлекеттік қолдау біздің шағын және орта бизнесті «теплицадағы қияр» деңгейіне түсіріп тастады. Олар көмекке үйреніп алды, бірақ дәл осы фактор ШОБ бәсекеге қабілеттілігін жыл сайын нашарлата берді. Мұнда да «масылдық принципінің» орнай бастағанын мойындауымыз керек.

2022 жылы шағын және орта бизнес шамамен 3,6 миллион адамға жұмыс беріп отырды. Біздегі экономикалық белсенді халықтың 10 миллион адамға жетіп қалғанын ескерсек, ШОБ-ты ең ірі жұмыс беруші деп айтуға болады. Жалпы, жұмыс істейтін халықтың 40 пайызы осы шағын және орта бизнесте жүр. 2019 жылы Ұлттық экономика министрлігі «2025 жылы экономикадағы шағын және орта бизнестің үлесін 35 пайызға жеткіземіз» деп батыл болжам жасаған болатын. Ол да орындалуы мүмкін, себебі біз биыл шамамен 32,5% деңгейінде отырмыз.

Бүгін Президент жұрт аса байқай қоймаған қызық месседж айтты. «Былтырдан бері саяси жүйені жаңғыртуға баса мән бердік. Енді экономикадағы нақты мәселелермен айналысатын кез келді», - деді, Мемлекет басшысы. Демек, «алдымен саясат, одан кейін экономика» қағидасынан біз қайтадан «алдымен экономика, одан кейін саясат» принципіне оралып отырмыз. Бұл ретте біздің осы паузаны пайдаланып, саяси модернизация жасап алғанымызды айта кету керек. Қазіргі саяси параметрлер экономиканы басқаша дамытуға мүмкіндік беруі тиіс.

Мен еліміздің кәсіпкерлеріне үндеу жасағым келеді. Қазақстан – бәріміздің ортақ мекеніміз. Ендеше, қастерлі Отанымызды бірге өркендетейік, болашағымызды бірге құрайық. Мен Президент ретінде Сіздерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетініне кепілдік беремін. Біз шағын және орта бизнестің бәсекеге қабілетін арттыру мәселесіне баса мән береміз. Осы орайда шағын және орта бизнеске қолдау көрсетудің бірыңғай кешенді бағдарламасын әзірлеу қажет, - деген болатын Мемлекет басшысы. 

Бұдан шығатын екінші жаңалық. Қазақстан осы уақытқа дейін қабылданған, жұмыс істеп жатқан барлық бизнесті қолдау бағдарламаларын біріктіретін болады. Қазір ол бағдарламалар тым көп. Және кәсіпкерлердің өзі қайсысының не екенін білмей шатаса бастады. Кешенді бағдарлама Үкіметке артылса да, оның операторы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы болуы әбден мүмкін.

Шағын және орта бизнеске не керек? Шын айтсақ, көп нәрсе керек те емес. Бастысы, салық заңнамасы мен әкімшілендірудің қарапайым және түсінікті болуы. Қазақстандағы салық заңнамасы өте күрделі және ылғи құбылып тұрады. Ол туралы, тіпті біздің компанияларды аудиттеген халықаралық аудиторлардың есебіне де жазылып жатады. Екіншіден - қаржы ресурстарына қолжетімділік. Үшіншіден - монополиясыз нарық.

Осының барлығын істеуге Қазақстанның мүмкіндігі жетеді. Ақорданың шағын және орта бизнесті экономика локомотив ретінде таңдауы қаншалықты дұрыс болды? Бұл сұраққа біз 2025 жылы жауап бере аламыз.

Өзгелердің жаңалығы