Жетісуда биыл қант қызылшасы үшін 8 сервистік-дайындау орталығы құрылады

1 Мамыр 2024, 07:15
356
Бөлісу:
Жетісуда биыл қант қызылшасы үшін 8 сервистік-дайындау орталығы құрылады
Фото: gov.kz

Биыл Жетісу облысында қант қызылшасы бағытында 8 сервистік-дайындау орталығы құрылуда. Ақсу, Сарқан, Алакөл, Көксу, Қаратал аудандарындағы бұл орталықтарға 62 бірлік техника сатып алуға 2,5 млрд. теңге қарастырылып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәлімет бойынша қазірдің өзінде шаруашылықтарға 22 дана сепкіш берілген.

«Жетісу» ӘКК ӨДИ» АҚ-ның мәліметіне қарағанда, осы жылда қант қызылшасы бағытындағы сервистік-дайындау орталықтарын құру жобасының жалпы құны 2 млрд. 514 млн. теңге, соның 1 млрд. 754 млн. теңгесі бюджет қаражаты болса, 760,2 млн. теңгесі - «Жетісу» ӘКК қаражаты.

Атап айтқанда, сервистік-дайындау орталықтары Сарқан ауданында 3, Ақсу ауданында 2, Алакөл, Көксу, Қаратал аудандарында 1-1-ден құрылып, осы орталықтарға 35 шаруа қожалықтары біріктіріледі. Жаңадан құрылатын бұл СДО-ларға 62 бірлік техниканы сатып алу жұмыстары жүргізілуде, оның 28-і сепкіш, 19-ы комбайн, 15-і сабақ жинайтын машина. Бүгінгі таңда шаруаларға 22 дана сепкіш берілді.

Сатып алынатын техника лизингке 10 жыл мерзімге, 2,5% жылдық сыйақы мөлшерлемесімен және 2 жыл каникулдық кезеңмен ұсынылуда.

Еске салсақ, 2011 жылдан бастап 2022 жылға дейін Жетісу және Алматы облысында машина-трактор паркін жаңарту мақсатында 61 сервистік-дайындау орталықтары құрылып оларға жалпы сомасы 15 млрд. теңгеге 1 479 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы берілген.

Өзгелердің жаңалығы