Жылқыбаев: Президент ұлт денсаулығының кепілі – бұқаралық спортқа баса назар аударды

29 Наурыз 2023, 17:48
1128
Бөлісу:
Жылқыбаев: Президент ұлт денсаулығының кепілі – бұқаралық спортқа баса назар аударды
Фото: Самат Жылқыбаев

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде бірқатар мәселені көтерді. Олардың арасында спорт саласына қатысты да мәселе бар, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Президент бұқаралық спортты дамытудың маңызы зор екенін атап өтті.  Осы тұрғыда Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев өз пікірін білдірді. 

Басқарма басшысы Президенттің көтерген бастамалары халықтың денсаулығын жақсартуға мүмкіндік беретінін айтты.

Президент ұлт денсаулығының кепілі – бұқаралық спортқа баса назар аударды. Ол бұқаралық спортты дамыту бойынша жұмыстарды ширатуды тапсырды. Осы ретте айта кетейін, елордада спорт саласындағы материалдық-техникалық базаны нығайту, спортшыларды дайындау, сапасын арттыру және бұқаралық спортты дамыту бойынша ауқымды жұмыс атқарылды. 2021 жылға қарағанда былтыр ашық және жазық спорттық нысандар, аулалар және мектеп алаңдары сияқты спорттық нысандардың саны 14-ке артты. Өткен жылы қалада мамандандырылған спорттық медициналық орталығы, «Арғымақ» ат-сауықтыру кешені және үстел теннисі орталығы ашылды. Биыл «Үркер» және «Железнодорожный» тұрғын алаптарында 2 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын аяқтау жоспарлануда. Сондай-ақ Астана қаласы Қажымұқан көшесі, №3 ғимарат ауданы бойынша жаңа форматтағы көпфункционалды спорт орталығының ашылуы жоспарланған, - дейді Самат Жылқыбаев.

Оның айтуынша, Президент бұқаралық спортты дамытуды мемлекеттің әлеуметтік саясатындағы маңызды басымдықтардың бірі ретінде белгілеп отыр.

Бүгінгі жиын барысында Мемлекет басшысы спорт саласын өркендетуге жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, меценаттардың және жарнама берушілердің әлеуетін пайдалану қажет екенін айтты. Бұл – құптарлық бастама. Осы жұмыс қолға алынса, бірқатар нәтижеге қол жеткізілмек. Бұл бастама дене шынықтыру және спорт саласында көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Спорттың дамуы мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық ілгерілеуіне де байланысты. Мемлекет спорт саласына тиісті деңгейде қолдау көрсетсе, спортшылар да тиісті дәрежеде дайындалып, соның арқасында жоғары нәтижелерге қол жеткізе алады. Бұқаралық спорт бүгінгі қоғамды алға жетелеу және ұлттық мүдделерге жету үшін ауадай қажет. Саламатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту Президент үшін аса маңызды міндеттердің қатарында екенін байқадық, - дейді басқарма басшысы.

Өзгелердің жаңалығы